Ташкент қаласында 92 елден 375 оқушы қатысқан Информатикадан халықаралық IOI 2026 олимпиадасы аяқталды, деп хабарлайды QazMonitor.
Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, ұлттық құрама 1 алтын және 3 күміс медаль жеңіп алып, әлемдік командалық есепте 10-орынға ие болды. Бұл - Қазақстан құрамасының олимпиада тарихындағы үздік нәтижелерінің бірі.
Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Максим Цой алтын медаль жеңіп алып, әлемдік жеке есепте 5-орын иеленді. Осылайша ол әлемдегі үздік бес жас бағдарламашының қатарына енді.
Сонымен қатар күміс медаль иеленген оқушылар бар. Олардың қатарында Астана қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Алдияр Сейтбай, Қызылорда облысындағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Мансур Мамадахунов, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы Асқар Әкежан бар.
Айта кетейік, 2025 жылы қазақстандық оқушылар 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, әлемдік командалық есепте 14-орын иеленген болатын. Биыл ұлттық құрама өз нәтижесін төрт сатыға жақсартты.