Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Қазақстандық ғалымдар BioDrop дрондарын іске қосты
  1. Жаңалықтар
  2. Диджитал
Astana, Kazakhstan • 03 қыркүйек, 2026 | 16:51
1 мин. - оқу уақыты

Қазақстандық ғалымдар BioDrop дрондарын іске қосты

Ғалымдар дрондардың көмегімен егістікті қорғау технологиясын әзірледі

Qazaqstan Monitor: Қазақстандық ғалымдар BioDrop дрондарын іске қосты

Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары энтомофагтарды ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен автоматтандырылған түрде тарату технологиясын әзірледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

BioDrop деп аталатын бұл технология жұмыс жүргізу уақытын 4–6 есеге қысқартуға және ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғаудың биологиялық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кешен құрамына биоыдырайтын BioDrop сфералық капсулалары, оларды таратуға арналған арнайы құрылғы және ұшқышсыз ұшу аппараты кіреді. Капсулалардың ішіне ауыл шаруашылығы зиянкестерінің табиғи жаулары саналатын энтомофагтардың биологиялық материалы орналастырылады. Атап айтқанда, технологияда Trichogramma spp. және Habrobracon hebetor сияқты энтомофагтар пайдаланылады.

Ұшқышсыз ұшу аппаратына тиелген капсулалар алдын ала белгіленген бағыт бойынша егістік алқабына автоматты түрде таратылады. Капсулалар егістік бетіне түскеннен кейін олардың ішінен энтомофагтар біртіндеп босап шығып, зиянкестерді іздеп, жоя бастайды. Капсулалардың сфералық пішіні мөлшерлеу механизмінің ерекшеліктері және олардың құрамындағы биологиялық материалдың өміршеңдігін сақтау қажеттілігі ескеріле отырып дайындалған.

Жүргізілген далалық сынақтар BioDrop технологиясының энтомофагтарды дәстүрлі қолмен тарату әдісімен салыстырғанда биологиялық тиімділігі жоғары екенін көрсетті. Олар таратылғаннан кейінгі 14-тәулікте дәстүрлі әдіс бойынша биологиялық тиімділік орта есеппен 70–73% болса, BioDrop технологиясын қолданғанда бұл көрсеткіш 81–83%-ға жеткен. Осылайша, жаңа технологияны қолдану дәстүрлі әдіспен салыстырғанда биологиялық тиімділікті орта есеппен 10–11 пайыздық тармаққа арттырған.

Сонымен қатар жұмыстарды жүргізуге жұмсалатын уақыт та айтарлықтай қысқарады. Қолмен тарату кезінде зерттелген учаскедегі жұмыстарға 1–1,5 сағат жұмсалса, ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалану кезінде жабдықты дайындауды қоса алғанда, дәл осындай жұмыс көлемі 10–15 минутта орындалған.

Қазіргі уақытта технология төрт шаруашылықта енгізіліп, қолданылып келеді. Бұл әзірлеменің ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянды организмдерден қорғау мақсатында іс жүзінде қолдануға болатындығын көрсетеді.

Болашақта бұл технологияны дәлме-дәл егіншілік жүйелерінде, сондай-ақ фитосанитариялық мониторинг технологияларымен қатар қолдануға болады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.