Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Астанада 60 мыңнан астам камера ЖИ арқылы қала қауіпсіздігін бақылайды
  1. Жаңалықтар
  2. Диджитал
Astana, Kazakhstan • 18 қыркүйек, 2026 | 17:06
2 мин. - оқу уақыты

Астанада 60 мыңнан астам камера ЖИ арқылы қала қауіпсіздігін бақылайды

Елордада цифрлық трансформацияның үш негізгі бағыты бойынша жұмыстар жалғасып жатыр

Фото: Астана қаласының әкімдігі
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту аясында «Қауіпсіз қала», «Ашық қала» және «Ақылды қала» бағыттары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы елорданың цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Берік Ахметов айтты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Astana Smart City жобасы аясында ақпараттарды өңдеу орталығы мен қалалық ахуалдық орталық жұмыс істейді. Платформаға 60 мыңнан астам камера қосылып, ЖИ арқылы бейнебақылаудың 35 сценарийі енгізілген. Олар өрт, түтін, адамдардың көп жиналуы, төбелес және басқа да жағдайларды анықтайды. Жол қозғалысы ережелерінің 15 түрлі бұзушылығын тіркейтін 1 200-ден астам аппараттық-бағдарламалық кешен бар. Жүйеге 18-ден астам қалалық қызмет біріктірілген, бірінші жартыжылдықта 2,5 мыңнан астам оқиға өңделді.

Қоғамдық орындардағы бейнебақылау да кеңейіп жатыр. 2022-2025 жылдары 860 нысанға 4 430 камера орнатылды, биыл тағы 240 нысанға 1 200 камера қою жоспарланған. Оның 1 142-сі орнатылды. Балалар қауіпсіздігі үшін 100 мемлекеттік мектепке шамамен 2 мың камера мен 100 дабыл түймесі қойылып, жалпы жүйеге 10 мыңнан астам мектеп камерасы біріктірілді.

«Ашық қала» бағыты бойынша iKomek 109 байланыс орталығы алты айда 1,1 млн-нан астам өтініш қабылдап, оның 83%-ын алғашқы қоңырауда шешті. Birge платформасында 20 мыңнан астам пайдаланушы тіркеліп, 30 мыңға жуық өтініш өңделді.

Биыл іске қосылған Astana.kz порталында 14 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Мұнда 115-тен астам қалалық және коммуналдық қызмет қолжетімді. QalaQyzmet сервистерін біріктіру нәтижесінде бірінші жартыжылдықта 103 мыңнан астам өтініш өңделді.

Денсаулық сақтау саласында үш инсульт орталығында Cerebra AI жүйесі енгізілді. Ол КТ кескіндері арқылы инсультті анықтап, диагноз қою уақытын 5 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бірінші жартыжылдықта 5,7 мыңнан астам зерттеу өңделді. Медициналық куәландыру процесі де толық цифрландырылып, жүйе арқылы 7,4 мыңнан астам адам өтті.

Астанада 423 5G базалық станциясы жұмыс істейді, жыл соңына дейін тағы 74 станция орнату жоспарланған. Байланыс сапасы төмен 22 аймақтың 12-сінде мәселе шешілді.

«Ақылды қала» бағыты бойынша AI Lab экожүйесінде 11-ге жуық стартап пен технологиялық жоба сүйемелденеді. Astana Innovations Accelerator бағдарламасының үшінші легіне 300-ден астам өтінім түсіп, 29 стартап іріктелді. Ал «Шарапат» орталығындағы Úmit жобасы қозғалысы шектеулі адамдарға смартфон, компьютер және электрлі мүгедектер арбасын қолдың көмегінсіз басқаруға мүмкіндік береді.

Берік Ахметовтің айтуынша, цифрлық трансформация технологияларды қаланы басқаруда жүйелі қолдану кезеңіне көшіп жатыр. Негізгі мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру, қызмет алуды жеңілдету және қалалық процестердің тиімділігін көтеру.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.