Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Астанада әлемдегі ең ірі AI-хакатондардың бірі өтті
  1. Жаңалықтар
  2. Диджитал
Astana, Kazakhstan • 25 қыркүйек, 2026 | 15:43
1 мин. - оқу уақыты

Астанада әлемдегі ең ірі AI-хакатондардың бірі өтті

HackAlem AI хакатонына 21 мемлекеттен 129 университеттің студенттері қатысты

Qazaqstan Monitor:  Астанада әлемдегі ең ірі AI-хакатондардың бірі өтті

Астанада «AI Month» шарасы аясында жаһандық технология көшбасшылары саналатын OpenAI және NVIDIA компанияларының қатысуымен әлемдегі ең ірі AI-хакатондардың бірі басталды. «HackAlem AI» байқауына қатысу үшін 6 586 өтінім келіп түскен. Сондай-ақ, бұл хакатон GUINNESS WORLD RECORDS әлемдік рекордын орнатуға бағытталған ресми шара ретінде тіркелді.

Қатысушылар небәрі бес сағаттың ішінде он түрлі бағыт бойынша AI-шешімдер әзірлеп шықты. Олар: энергетика, қаржы, басқару, телекоммуникация, логистика, креативті индустрия, білім беру, инновация, коммуникация және сауда. Әзірлеушілер, студенттер, жас мамандар мен IT-энтузиастар бизнес, мемлекет және экономиканың негізгі салаларындағы нақты мәселелерді шешуге бағытталған жасанды интеллект жобаларын жасаумен айналысты.

«HackAlem AI – әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жас әзірлеушілер, студенттер мен AI-энтузиастардың басын қосқан ауқымды алаңға айналды. Хакатонға 21 мемлекеттен 2 500 адам, оның ішінде 129 университеттің студенттері қатысты. Әрбір қатысушы OpenAI және NVIDIA сынды жаһандық көшбасшылардың технологиялық ресурстарын еркін пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Біз үшін Қазақстандағы талантты жастарға жол ашу, олардың білім мен озық технологияларды игеруіне жағдай жасау және құрғақ идеяларын нақты өнімге айналдыруға қолдау көрсету аса маңызды. Жас әзірлеушілердің бұл байқаудан жай ғана алғашқы тәжірибесін жинақтап қайтқанын емес, жаһандық нарыққа шыға алатын бәсекеге қабілетті шешімдер жасағанын қалаймыз. Қазақстанның технологиялық көшбасшыларының жаңа буыны дәл осындай бастамалар арқылы қалыптасады», — деп атап өтті Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Хакатон қатысушыларына OpenAI, NVIDIA және Аризона мемлекеттік университеті (АҚШ) ұсынған, жалпы құны 1,5 миллион долларға дейін жететін технологиялық және білім беру ресурстарын пайдалану мүмкіндігі берілді..

Үздік AI-шешімдердің авторлары 200 мың доллар көлеміндегі жүлде қорын өзара бөліседі. Оның 100 мың доллары технологиялық ресурстар түрінде берілсе, қалған 100 мың долларын Astana Hub ұсынады. Жеңімпаздарды ресми марапаттау рәсімі «AI & Digital Bridge 2026» халықаралық технологиялық форумының сахнасында өтеді.

Технологиялық және білім алу мүмкіндіктерінен бөлек, қатысушыларға HackAlem AI-дің фирмалық мерчі мен атаулы сертификаттары табысталды. Сондай-ақ, хакатон әзірлеушілердің, технологиялық командалар мен халықаралық AI-қауымдастық өкілдерінің басын қосқан үлкен кәсіби нетворкинг алаңына айналды.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.