Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Қарағанды облысында жерасты барлауға арналған дрондар әзірленді
  1. Жаңалықтар
  2. Диджитал
Astana, Kazakhstan • 17 қараша, 2025 | 17:17
2 мин. - оқу уақыты

Қарағанды облысында жерасты барлауға арналған дрондар әзірленді

Дрондар өңірде жұмыс істеп тұрған темір кені шахтасында сынақтан өтті

www.gov.kz/
www.gov.kz/

Қарағанды облысында жерасты кеңістігін барлауға арналған заманауи жоғары технологиялы дрондар жасалып жатыр. Бұл аппараттар шахталарда, құлаған ғимараттарда, тар және адам үшін қауіпті орындарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

GeoJet дрондар сериясы шахталар мен жер асты қазбаларын зерттеуге бағытталған. Бұл желіге өлшемі, құрылымы мен мүмкіндігі әртүрлі бірнеше модель кіреді.

Қарағанды дрондары 8K ультра-жоғары кеңейтілімді камералармен жабдықталған және 360° панорамалық түсірілім жүргізе алады. Жер асты кеңістігін үш өлшемді картаға түсіру үшін LiDAR лазерлік сканерлеу жүйесі қолданылады. Ал алынған деректерді беру және өңдеу жұмыстары оптикалық-талшықты байланыс арналары арқылы жылдам әрі дәл жүзеге асады.

Дрондар Қарағанды облысындағы жұмыс істеп тұрған темір кені шахтасында сынақтан өткен. Тестілеу кезінде аппараттар визуалды бақылау, фототүсірілім және жерасты қуыстарын сканерлеу міндеттерін толық орындады.

Айта кетейік, дронның кейбір бөлшектері Қарағандыда жасалады. Мәселен, көміртекті рамалар модельге қарай не жергілікті жерде басылып шығарылады, не шетелден әкелініп, кейін өңделеді. Ал қозғалтқыштар, LiDAR және процессорлар шетелдік өндірушілерден жеткізіледі. Сынақ, бағдарламалау, құрастыру және толық баптау жұмыстары өңірде жүргізіледі. Қазір әзірлеушілер жоғары технологиялы GeoJet дрондар сериясын нарыққа шығаруға дайындалып жатыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.