2026 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан SpaceX компаниясының Starlink Direct-to-Cell (D2C) спутниктік байланыс технологиясын кезең-кезеңімен енгізетін әлемдегі алғашқы мемлекеттердің қатарына енеді.
Премьер-Министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев, Beeline Қазақстан басшысы Евгений Настрадин және SpaceX өкілдері Direct-to-Cell технологиясын Орталық Азияда алғаш рет тестілеуден өткізді. Сынақ барысында Starlink спутниктік желісі мен Beeline Қазақстанның жерүсті инфрақұрылымы біріктіріліп, стандартты ұялы телефон арқылы SMS-хабарламалар мен мессенджерлік қоңыраулар сәтті жіберілді.
Direct-to-Cell технологиясы кез келген смартфонды тікелей спутникке қосуға мүмкіндік береді және қосымша құрылғыларды талап етпейді. Бұл шешім дәстүрлі мобильді байланыс инфрақұрылымы жоқ шалғай, таулы және жолайрық аумақтарда тұрақты байланысты қамтамасыз етуге бағытталған.
«Барлық өңірде цифрлық қызметтердің сенімді жұмыс істеуі үшін заманауи байланыс арналары қажет. Спутниктік байланыс - осы архитектураның маңызды бөлігі.Ең мағыздысы - әрдайым байланыста болу мүмкіндігі. Төтенше жағдайларда, шалғай өңірлерде немесе жолда бұл қызмет түрі шешуші рөл атқарады. Мұндай технологиялар цифрлық тұрақтылықты арттырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартады», деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.
Технология кезең-кезеңімен іске қосылады: бастапқы кезеңде SMS-хабарламалар қолжетімді болады, кейінгі кезеңдерде дыбыстық байланыс және басқа сервистер енгізіледі. 2027 жылға қарай негізгі қызметтердің басым бөлігі толық іске қосылады деп жоспарланған.
Қазақстан – Direct-to-Cell технологиясын сынақтан өткізген Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Жоба құтқару қызметтері, медициналық бригадалар, туристер және шалғай елді мекендер үшін байланыс қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтереді.
Еске салсақ, күзде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапары барысында маңызды келіссөздер өтіп, елімізге әлемдік озық технологияларға жол ашатын бірқатар құжаттарға қол қойылды. Солардың бірі Starlink компаниясының Direct to Cell спутниктік байланыс технологиясын енгізу туралы келісім болды.
Дереккөз: Цифрлық даму министрлігі