Yessenov University-де AI-SANA жобасы аясында жаңа буын бағдарламалау мектебі ашылды. Екі жылға арналған бағдарлама аясында студенттер 17 бағдарламалау тілін меңгеріп, 800-ден астам практикалық жобаны жүзеге асырады.
AI-SANA жасанды интеллект саласындағы стратегиялық маңызы бар білім беру және инновациялық жоба. Бүгінде бұл бастама университеттің жасанды интеллект технологияларын дамытуға, озық білім енгізуге және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған флагмандық платформасына айналды.
Жоба шеңберінде Yessenov University базасында Францияда 01Edu платформасына сүйенген, École 42 моделіндегі жаңа буын бағдарламалау мектебі ашылды.
«Бұл мектеп дәстүрлі оқытушысыз, студенттердің өзара бірін-бірі оқытуына (peer-to-peer learning) негізделген инновациялық педагогикалық тәсілмен жұмыс істейді. Екі жылға арналған қарқынды оқу бағдарламасы аясында студенттер 17 бағдарламалау тілін меңгеріп, 800-ден астам практикалық жобаны жүзеге асырады және жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, блокчейн, ойын жасау секілді алты негізгі бағыттың бірінде терең маманданады», делінген Ғылым және жоғары білім министрлігі ақпаратында.
Бүгінде іріктеу нәтижесінде 280 үміткердің ішінен 90 студент таңдалып алынып, олар қыркүйек айынан бастап аталған бағдарламалау мектебінде білім алуға кірісті.
Сонымен қатар университетте «Жасанды интеллект және компьютерлік ғылымдар» факультеті құрылды. Факультет ақпараттық жүйелер, есептеуіш техника және бағдарламалық қамтамасыз ету, автоматтандыру және басқару бағыттары бойынша академиялық бағдарламаларды іске асырады.
«Мен компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект факультетінің 3-курс студентімін. Piscine іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, үздік 90 студенттің қатарына ендім. Бағдарламаның соңғы кезеңінде жасанды интеллект бағытын таңдауды жоспарлап отырмын. Болашақта Alem AI және Higgsfield AI сынды жобалардан шабыт алып, әлемге танымал жеке AI жобамды іске қосуды мақсат етемін», – деді бағдарлама қатысушыларының бірі – компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект факультетінің 3-курс студенті Әділхан Нұрбек.
Айта кетейік, бағдарламаны толық аяқтаған әрбір студент жетекші әлемдік IT компанияларының халықаралық дерекқорына автоматты түрде енгізіледі. Бұл түлектерге жаһандық технологиялар нарығында табысты еңбек етуге кең мүмкіндік береді.
Дереккөз: Ғылым министрлігі