Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Қазақстанда пилотсыз технологияларды тестілеу басталады
  1. Жаңалықтар
  2. Диджитал
Astana, Kazakhstan • 26 желтоқсан, 2025 | 18:43
1 мин. - оқу уақыты

Қазақстанда пилотсыз технологияларды тестілеу басталады

Пилотсыз технологияларды қауіпсіз тестілеуге арналған инфрақұрылымдық талаптар әзірленеді

freepik
freepik

Қазақстанда пилотсыз көлік технологияларын енгізуге бағытталған пилоттық жоба іске қосылмақ. Бұл туралы Үкіметтің қорытынды баспасөз конференциясы барысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, елде инновациялық көлік жүйелерін сынақтан өткізу үшін қажетті базалық жағдайлар қалыптасқан. Алдағы кезеңде технологияны пилоттық режимде іске қосу арқылы барлық негізгі компоненттердің жұмыс қабілеті тексеріледі. Бұл сынақтар пилотсыз көлік жүйелерін кең ауқымда енгізудің келесі қадамдарын айқындауға мүмкіндік береді. Үкімет өкілдерінің пікірінше, алынған нәтижелер жобаны болашақта ірі аумақтарға масштабтауға негіз болады.

Пилоттық жоба аясында пилотсыз технологияларды қауіпсіз сынауға арналған арнайы аймақ белгіленеді. Сол ортада жол инфрақұрылымының, цифрлық жүйелердің және қауіпсіздік тетіктерінің өзара үйлесімі бағаланбақ. Тестілеу қорытындысы бойынша Қазақстанда автономды көлік қозғалысына қажетті жол инфрақұрылымына қойылатын ең төменгі техникалық талаптар әзірленеді.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, пилоттық режим технологияның әлсіз тұстарын анықтап, нормативтік және инфрақұрылымдық стандарттарды нақтылауға мүмкіндік береді. Бұл ретте басты назар жол сапасына, белгілеулерге, цифрлық картографияға және деректерді өңдеу жүйелеріне аударылады.

Бұған дейін Digital Bridge 2025 форумында отандық Jet Sharing IT-компаниясы пилотсыз көлікке негізделген сервисті сынақтан өткізу жоспарын таныстырған еді. Компания жобаны 2027 жылы толыққанды коммерциялық форматта іске қосуды көздейді. Жүйенің өзегі – жасанды интеллектке негізделген платформа. Ол көлік қозғалысын басқару, тапсырыстарды бөлу және баға қалыптастыру функцияларын біріктіреді.

Сонымен қатар жоба аясында қаланың жоғары дәлдіктегі 3D навигациялық картасын әзірлеу негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырылып отыр. Бұл пилотсыз көліктің қауіпсіз әрі тиімді қозғалысын қамтамасыз ету үшін қажет. Алғашқы сынақ алаңы ретінде Alatau City аумағы таңдалуы мүмкін.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.