Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында Қазақстанның IT нарығының өсу серпіні мен венчурлық қаржыландырудың жай-күйі туралы баяндады, деп хабарлайды, QazMonitor.
Қазақстанда IT нарығындағы кіріс көлемі айтарлықтай өсіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша 2 трлн теңгені құрады. Саланың экспорттық әлеуеті де жоғары қарқынмен дамып келеді. Министрдің айтуынша, 2025 жылға қарай IT қызметтерінің экспортын 1 млрд долларға жеткізу көзделген. Бұл - Мемлекет басшысының 2026 жылға дейін қойған стратегиялық міндетіне сәйкес келетін көрсеткіш.
«Бүгінгі таңда IT нарығындағы кірістің күрт өскенін көріп отырмыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 2 триллион теңгені құрады. Сонымен қатар IT қызметтері экспортының серпінді өсімі байқалады. 2025 жылға қарай біз бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысы 2026 жылға қарай осындай мақсат қойған болатын. IT саласы еліміздегі ең жоғары жалақы төленетін салалардың бірі болып қала береді. Ресми статистикаға сәйкес, IT мамандарының орташа жалақысы елдегі орташа деңгейден екі есе жоғары», деді Жаслан Мәдиев.
Оның сөзінше, бүгінде еліміздің цифрлық экожүйесінің өзегіне айналған Astana Hub халықаралық деңгейдегі тартымдылығын дәлелдеп отыр. Технопарк қатысушыларының ширегі - шетелдік компаниялар.
«Өткен жылы хаб қатысушыларының саны 2000-ға дейін өсті. Оның ішінде қатысушылардың 25 пайызы - шетелдік компаниялар, бұл біздің халықаралық бәсекеге қабілеттілігімізді көрсетеді. Astana Hub стартаптары мен IT компаниялары 30 000-нан астам жұмыс орнын ашты, ал экономикаға салынған инвестиция көлемі 900 миллион доллардан асты», деп толықтырды сөзін.
Қазақстан өңірдегі венчурлық мәмілелердің 75%-ын иеленіп, көш бастап тұр. Дегенмен, министр қаржыландырудың құрылымдық ерекшеліктеріне тоқталып, жаңа қордың жұмысы туралы айтты.
«Алайда, венчурлық операциялардың 90 пайызы стартаптардың алғашқы кезеңдеріне бағытталған. Зерттеулерге сәйкес, америкалық компаниялардың «Юникорн» мәртебесіне жетуі үшін 3-тен 6-ға дейін қаржыландыру раунды қажет. Осыған байланысты, өткен жылы өңірде 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын мақсатты капиталы бар алғашқы венчурлық қор құрылды. Қазірдің өзінде бұл қорға салынған инвестиция 115 миллион долларды құрап отыр», деп қорытындылады министр.
Сонымен қатар Үкімет пен Ұлттық банк цифрлық активтер нарығын реттеу мен майнинг индустриясына инвестиция тарту бағытында заңнамалық базаны жетілдіргенін атап өтті. Атап айтқанда, криптовалюта айналымын заңдастыру бойынша нақты қадамдар жасалды. Биылғы жылы осы секторда бірқатар инновациялық жобаларды іске асыру жоспарланған.