Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысын сайлау мәселесі бойынша ұсыныс айтты, деп хабарлайды QazMonitor.
Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына берілетінін еске салды.Сенат төрағасының мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді.
«Бұл ретте, мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі, осы мәселені ерекше атап өткен жөн. Басқаша айтсақ, «қалған мерзім» 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан, Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет», деді ол.
Президент бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келетінін, әрі еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни, заңды түрде келуі керек екенін атап өтті. Бұл норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуы керек деді.