«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ ғалымдары құрылымдалған сүт өнімдерін өндіруде мүлде жаңа тәсілді – табиғи криопорошоктарды қолдануды ұсынып отыр, деп хабарлайды QazMonitor.
Криопорошоктар – сублимациялық кептіру технологиясын пайдалана отырып, қазақстандық шикізаттан алынатын биологиялық белсенді заттардың концентраттары. Олар жасанды бояғыштар мен хош иістендіргіштерсіз өнімнің табиғи түсі мен дәмін қалыптастыруға жол ашады.
Эксперименттік зерттеулер мен технологияны сынақтан өткізу Орталықтың еншілес ұйымы – «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері Ғылыми зерттеу институты» ЖШС базасында жүргізілуде. Әзірлеме нақты тағамдық құндылығы бар функционалдық сүт өнімдерін жасауға бағытталған. Криопорошоктар өнімді В тобының дәрумендерімен, Е дәруменімен және β-каротинмен байытып, өңдеудің жұмсақ технологиясы арқылы биологиялық құнды компоненттердің сақталуын қамтамасыз етеді.
Отандық шикізатты және өз технологиялық шешімдерін пайдалану импорттық қоспалар мен ингредиенттерге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ішкі қайта өңдеуді дамытуға, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығын арттыруға және ұлттық пайдалы тағам өнімдері желісін қалыптастыруға ықпал етеді.
Аталған технология Қазақстанда алғаш рет әзірленіп отыр. Ғалымдардың бағалауынша, криопорошоктар қолданылған сүт өнімдері импорттық баламаларға қарағанда қолжетімді бағада ұсынылып, сонымен қатар биологиялық құндылығы мен сапасы жағынан олардан асып түседі.
Қазіргі уақытта жоба жүзеге асырудың қорытынды кезеңінде. Келесі жылы әзірлемені нарыққа шығару жоспарланып отыр, бұл оны өнеркәсіптік өндіріске енгізуге және сүт саласы кәсіпорындарында кеңінен қолдануға жол ашады.