Қазақстанның үш өңірінде төрт фармацевтикалық зауыт іске қосылып, онда 356 дәрі-дәрмек түрінің өндірісін локализациялау жоспарланып отыр, деп хабарлайды QazMonitor.
Үкімет фармацевтикалық өндірістерді локализациялау бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен төрт фармкомпания арасында инвестициялар туралы келісімдер жасасуды мақұлдады. Бұл жобаларға 173 млрд теңге инвестиция тартылады деп жоспарланған.
«Жобаларды жүзеге асыру арқылы әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттарды қоса алғанда, 356 дәрі-дәрмек түрінің өндірісін локализациялау көзделген. Өндірістік желі онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған дәрілерді, сондай-ақ иммунобиологиялық, вирусқа қарсы, антианемиялық, ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суық тиюге қарсы және микробтарға қарсы препараттарды қамтиды», делінген Үкімет таратқан ақпаратта.
Атап айтқанда, «АлтИНФАРМ» жобасы бойынша фармацевтикалық зауытты Алматы қаласындағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында салу көзделіп отыр. Онда 54 дәрілік зат түрін шығару жоспарланған, оның 35-і – әлеуметтік маңызы бар препараттар. Өндірістік портфельге иммунобиологиялық препараттар, сондай-ақ онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер кіреді. Жоба аясында 60 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Стратегиялық серіктестер ретінде Sinopharm, Sinovac және Kangtai Biological Technology компаниялары қатысады.
«Нобел Алматы фармацевтика фабрикасы» мегаполисте халықаралық GMP стандарттарына сәйкес белсенді фармацевтикалық ингредиенттерді, дәрілік заттар мен биопрепараттар өндіруге арналған фармацевтикалық кешен салуды көздеп отыр. Инвестиция көлемі – 39,2 млрд теңге. 53 дәрілік зат шығару жоспарланған, оның ішінде 17-сі – әлеуметтік маңызы бар препарат.
«Абди Ибрагим Глобал фарм» компаниясы Алматы облысында көпсалалы өндірістік желілері бар фармацевтикалық кешен құруды көздейді. Инвестор өндіріске 39 млрд теңге салады. Бұл кешенде 76 дәрілік зат шығару жоспарланған, оның ішінде вирусқа қарсы препараттар, II типті қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер және антианемиялық препараттар бар.
Сонымен қатар «МСП-РОМФАРМ» компаниясы Түркістан облысында 36,7 млрд теңгеге жоғары технологиялы фармацевтикалық зауыт салмақ. Онда 101 дәрілік зат, оның ішінде ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суық тиюге қарсы және микробтарға қарсы препараттар өндіру жоспарланған.
Бұл инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде 675 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделіп отыр.