Президент Конституциялық реформа жөніндегі комиссияны құру туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды QazMonitor.
Комиссияның құрамына комиссияның төрағасы, төрағаның орынбасарлары, хатшысы және мүшелері кіреді. Комиссияның төрағасы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы, комиссияның хатшысы – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі.
Ал комиссияның құрамына Парламент депутаттары, мәслихаттардың төрағалары, БАҚ басшылары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, өңірлердегі қоғамдық кеңестердің, сарапшы және ғылыми қоғамдастықтардың өкілдері кірді.
Комиссияның міндеті – Конституциялық реформа бойынша ұсыныстар тұжырымдау. Жарлықта ҚР Конституциялық Сотының Аппараты комиссияның жұмыс органы болып белгіленді.
«Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі. Комиссияның отырыстары оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен екісі қатысқан кезде заңды күші бар болып саналады», делінген Конституциялық комиссия туралы ережеде.
Сонымен қатар комиссияның төрағасы органның қызметіне жалпы басшылық жасап, отырыстарында төрағалық етеді. Президентке істелген жұмыс туралы баяндайды.
Сондай-ақ комиссияның жұмыс органы комиссияның отырыстарына материалдар дайындауды ұйымдастырады. Комиссияның мүшелерін кезекті отырыстың өтетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабардар етеді, оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді.
Комиссияның мүшелері талқыланатын мәселелер бойынша ұсыныстар енгізеді, отырыстарына шығарылатын мәселелерді талқылауға қатысады.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның құрамымен мына жерден танысуға болады