Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Қазақстан экономикасының жоғары өсу қарқынын және «қызып кету» белгілерін атап өтті, деп хабарлайды QazMonitor. Бұл туралы 2026 жылғы 27 қаңтарда жарияланған ХВҚ-ның Қазақстан бойынша Staff Report есебінде айтылған.
ХВҚ бағалауынша, экономикалық өсім ішкі сұраныстың кеңеюі, мұнай өндіру көлемінің артуы, мұнайдан тыс сектордағы белсенділік және ынталандырушы салық-бюджет саясаты аясында іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар елдің фискалдық және сыртқы резервтері жоғары деңгейде қалыптасқан, ал банк секторы жалпы алғанда тұрақты деп бағаланды.
Қор Қазақстан Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемені көтеру мен артық өтімділікті шектеу шараларын қоса алғанда, ақша-кредит саясатын қатаңдатуын қолдайды. Инфляция нысаналы деңгейге жақындағанға дейін осы бағытты сақтау маңызды екені атап өтілді.
ХВҚ Үкімет, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру мен инфляциялық қысымды төмендетуге бағытталған бірлескен іс-қимылдарын оң бағалады. Сонымен бірге бюджет қағидаларын қатаң сақтау, квазифискалдық операцияларды шектеу және Ұлттық қор трансферттеріне тәуелділікті азайту қажеттігі көрсетілді.
Болжам бойынша, 2025 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 6,2%-ға дейін жеделдейді. Ал орта мерзімді кезеңде мұнай өндірудің тұрақтануы мен ішкі сұраныстың бәсеңдеуіне байланысты өсім 3,5%-ға дейін баяулайды. Негізгі тәуекелдер қатарында жаһандық экономикалық өсімнің баяулауы, геосаяси белгісіздік, мұнай бағасының төмендеуі және инфляциялық күтулердің артуы аталды.