Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында Ерлан Стамбеков бүгінгі таңда орта және төменгі буындағы шенеуніктердің нақты жағдайы ескерусіз қалып отырғанын атап өтті, деп хабарлайды QazMonitor.
Мәжіліс депутаты мемлекеттік қызметшілердің заң аясында қосымша табыс табу мүмкіндігінен айырылғанын айтты.
«Дәл осы қызметкерлер күрделі әрі жауапты жұмыстың негізгі көлемін атқарады, алайда олардың жалақысы 180 мың теңгеден басталады, бұл жүктеме деңгейіне сәйкес келмейді. Бұған дейін мемлекеттік қызметте еңбекақы төлеуді жақсарту шарасы ретінде жарияланған факторлық-балдық еңбекақы төлеу жүйесі іс жүзінде басшылықтың жоғары буынының табысының өсуіне алып келді. Ал қызметкерлердің басым бөлігі үшін жағдай жақсарған жоқ, керісінше еңбекақыдағы теңсіздік күшейді», – деді Ерлан Стамбеков.
Халық қалаулысы орта және төменгі буындағы мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілік деңгейі мен табыстары арасындағы сәйкессіздікті жоятын еңбекақы төлеу тәсілдерін әзірлеуді ұсынды.
«Медициналық қызмет көрсету, білім беру және тұрғын үй сатып алу бойынша жеңілдіктерді қамтитын әлеуметтік ынталандыру жүйесін енгізуді ұсынамын. Үкіметті «Отбасы банкі» базасында мемлекеттік қызметшілерге бастапқы жарнасыз, төмен пайыздық мөлшерлемемен және банк сыйақысын мемлекет есебінен өтеу арқылы жеңілдетілген ипотека беру мүмкіндігін қарастыруға шақырамын», – деп атап өтті Ерлан Стамбеков.