Жұмыс берушілер тарапынан ең жоғары белсенділік Астана қаласында байқалды — елордада 118,2 мың бос жұмыс орны жарияланған, деп хабарлайды QazMonitor. Одан кейін Түркістан облысы мен Алматы қаласы тұр. Ал салалар бойынша сұраныстың басым бөлігі білім беру саласына тиесілі: 380,6 мың бос орын, яғни барлық ұсыныстың шамамен үштен бірі. Бұл мұғалімдер мен тәрбиешілерге сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді.
Жалпы бос жұмыс орындарының 75%-ы білікті мамандарға арналған. Ең көп қажет етілген мамандықтар қатарында мейіргерлер, тәрбиешілер, автокөлік жүргізушілері және санитарлар бар. Аймақтық тұрғыда солтүстік және шығыс өңірлерде кадр тапшылығы сезілсе, оңтүстікте, керісінше, түйіндемелер саны бос жұмыс орнынан едәуір асып түскен.
Сарапшылар бұл айырмашылықты демографиялық және көші-қон факторларымен байланыстырады.
Сонымен қатар, 2025 жылы жалақы деңгейі бойынша ең жоғары ұсыныстар теңіз флотының штурмандары үшін тіркелді — айына 875-900 мың теңге. Тау-кен саласында учаске басшысының орынбасарларына 714 мың теңгеден жоғары, ал бұрғылау қондырғыларының машинистеріне 700 мың теңгеден бастап жалақы ұсынылған. Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақыны ұшқыштар күткен – түйіндемелерде көрсетілген орташа сома 1,9 млн теңгеге дейін жеткен.