Жақында Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Үлкен Алматы шатқалында қар барысы автожол маңында маралды аулап ұстаған, деп хабарлайды QazMonitor. Халық жиі демалатын аумақта болғандықтан, жыртқышты адамдар тез байқап, ақпарат әлеуметтік желілерде кең тарады. Келесі күні шатқалға келушілер саны күрт артқан.
Ұлттық парк қызметкерлері мен ғалымдардың ескертуіне қарамастан, кейбір азаматтар қар барысына тым жақын барып, дрон ұшырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы қауіпсіздік талаптарын бұзған. Мамандар бұл әрекеттер Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек жыртқыш үшін күйзеліс тудырып, адамдардың өзіне де қауіп төндіргенін атап өтті.
Осыған байланысты қар барысын қорғау және ықтимал жағымсыз салдардың алдын алу мақсатында оны уақытша аулау туралы шешім қабылданды. Жануарға спутниктік қарғыбау тағылып, денсаулық жағдайын тексеру үшін қажетті биоматериалдар алынды. Барлық жұмыстар халықаралық ветеринариялық және этикалық стандарттарға сай, қысқа мерзімді наркоз арқылы жүhгізілген.
Спутниктік қарғыбау Зоология институты, Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркі, Алматы зообағы және Snow Leopard Foundation қоры мамандарының қатысуымен орнатылды.
Зерттеу нәтижелері қар барысының толықтай сау екенін көрсетті. Қазіргі уақытта жыртқыш аумақтан қауіпсіз түрде кетіп, табиғи тіршілігін жалғастырып жатыр. Алайда оқиғаға қоғам тарапынан қызығушылық әлі де жоғары.