Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан әуежайларының өткізу қабілеті 40 млн жолаушыға дейін жеткізілмек
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 10 ақпан, 2026 | 16:21
1 мин. - оқу уақыты

Қазақстан әуежайларының өткізу қабілеті 40 млн жолаушыға дейін жеткізілмек

Биыл бірқатар әуежайда жөндеу жұмысы басталады

Qazaqstan Monitor: Қазақстан әуежайларының өткізу қабілеті 40 млн жолаушыға дейін жеткізілмек

Биыл Астана қаласының әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды QazMonitor.

«Оны іске қосу 20 жыл бойы жөндеу көрмеген бірінші жолақты жаңғырту жұмыстарына кірісуге мүмкіндік береді. Бұл Астана әуежайының өткізу қабілетін 4 есе арттырып, 40 млн жолаушыға дейін жеткізеді», деді Бектенов.

Сонымен қатар ол шілде айында Алматы әуежайының ішкі терминалын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталатынын айтты. Соның нәтижесінде өткізу қабілетін 14 млн жолаушыдан 19 млн-ға дейін арттыру жоспарланған. Бұған қоса ұшу-қону жолағын жаңғырту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталатыны айтылды. .

Сондай-ақ Бектенов авиаотынның нарықтық бағасын қалыптастыру үшін істеліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Бүгінде авиациялық отынның бағасы $1,2 мыңнан шамамен $950-ге дейін төмендеген.

Бұған қоса, Үкіметтің кеңейтілген отырысында көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту туралы айтылды. Биыл жалпы ұзындығы 475 шақырым болатын екі теміржол желісінің құрылысын және 2,9 мың шақырым жолды жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Үкімет осылайда транзиттік тасымал көлемін 60%-ға ұлғайтуға, ал транзиттік контейнерлік пойыздардың жылдамдығын сағатына 50 шақырымға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Қытай шекарасынан Каспийге дейін жүктерді жеткізу уақыты осы жылдың соңына қарай 84 сағаттан 55 сағатқа дейін қысқарады.

Сондай-ақ биыл 11 мың шақырым автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау жұмыстары жоспарланып отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.