Камералық бақылаудың нәтижесінде 850-ге жуық блогердің салықтан жалтарғаны анықталған, деп хабарлайды QazMonitor.
Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директорының міндетін атқарушы Ерқанат Шыңберген «24KZ» арнасына берген сұхбатында айтты.
«Мысалы, 2022-2023 жылдар үшін былтыр камералық бақылау жүргізілді. Жалпы 80 мыңға жуық азаматтар камералық бақылауға түсті, оның ішінде әрине блогерлер болды. Олардың саны 850-ге жуық. Осы 850-ге жуық азаматтан 500 млн теңгеге жуық салық өндірілді», деді ол.
Оның айтуынша, егер камералық бақылау туралы хабарлама орындалмайтын болса, салық органдары тексеруге шығады. Оның ішінде салықты жеке шотына енгізіп мәжбүрлеп төлету шараларын қолданылуы мүмкін екенін атап өтті.
Блогерлердің бартер жасасу, сыйлық алуы табысқа жата ма?
«Табыс тек ақшалай қаражат ретінде саналмайды. Белгілі бір мүлік болсын, сыйлық болсын әрдайым табысқа жатады. Одан тиісінше салық төленуі қажет. Көбіне жарнама фактлеріне назар аударамыз. Себебі, бізде блогерлер көбіне жарнама арқылы табыс табады. Жалпы желілерде табыс табу мақсатында жарияланым болса бұларды, міндетті түрде кәсіпкерлік қызмет деп есептейміз», деді Шыңберген.