Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан өз автобөлшектерін шығара бастады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 17 ақпан, 2026 | 17:09
1 мин. - оқу уақыты

Қазақстан өз автобөлшектерін шығара бастады

Машина жасау секторының экономикадағы үлесі 41%-ға жетті

Freepik / usertrmk
Freepik / usertrmk

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның машина жасау секторында автомобиль өндірісінің үлесі 41%-ға жетіп, рекордтық өсім көрсетті. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында саланың даму қарқыны мен локализация деңгейін арттыру жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды QazMonitor.

Министрдің дерегінше, есепті кезеңде республикада 171 мыңнан астам көлік құралы құрастырылған. Оның басым бөлігі, яғни 159 мыңға жуығы жеңіл автомобильдер. Өндіріс көлемінің артуына Алматы мен Қостанай қалаларында іске қосылған жаңа жоғары технологиялық зауыттар тікелей әсер еткен. Атап айтқанда, Алматыда қытайлық жетекші брендтерді шығаратын мультибрендтік кешен мен Қостанайдағы оңтүстіккореялық марканың өндірісі ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.

Бүгінде Қазақстан тек дайын өнімді жинап қана қоймай, автокомпоненттер базасын қалыптастыруға көшті. Мәселен, Алматы индустриялық аймағында мультимедиа жүйелері мен орындықтар шығаратын технопарк жұмысын бастады. Саран қаласында автомобиль шиналарының өндірісі жолға қойылса, Қостанайда шойын құю өндірісі іске қосылып, заманауи автоматтандырылған жүйелер енгізілді.

Сонымен қатар, салалық ірі компаниялардың бірі автокомпоненттерді локализациялау орталығының құрылысын бастап кетті. Нағаспаевтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады:

Сондай-ақ министр оң динамика тек жеңіл көлік саласында ғана емес, ауыл шаруашылығы машинасын жасау секторында да байқалатынын атап өтті. Оның сөзінше бұл бағыттағы өсім 34%-ды құрады.

Министр былтыр америкалық танымал брендтің техникасын шығару қолға алынғанын, сондай-ақ Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары аясында 3 мыңнан астам техниканы локализациялау және сервис орталықтарын құру бойынша стратегиялық келісімге қол қойылғанын еске салды. Биылғы жоспарда Еуропа мен Канададағы серіктес брендтердің де өндірісті локализациялау процесіне қосылуы қарастырылып отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.