Қазақстанда инсульттан болатын өлім мамандандырылған орталықтар желісін кеңейтудің және профилактиканың жаңа стандарттарын енгізудің арқасында 4%-ға төмендеді, деп хабарлайды QazMonitor. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында мәлім етті.
Ведомствоның мәліметінше, емделген пациенттердің саны 8,3%-ға өсіп, 49 мыңнан 53 мыңға жеткен. Сонымен қатар, жүргізілген тромболиздің үлесі 11%-ға өскен. Инсульт қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлімнің жалпы құрылымында 32%-ды құрайды.
Қазіргі таңда Қазақстанда нормативтік қажеттілікті толық жабатын 85 инсульт орталығы жұмыс істейді, яғни 250 мың тұрғынға бір орталық келеді. Цереброваскулярлық бұзылыстарды ерте анықтау үшін скрининг енгізіліп, инсульт әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесіне қосылды. Сондай-ақ инсульттан кейін пациенттерді диспансерлік есепке қою мерзімі 30 күннен 15 күнге қысқарды.
Бұл шаралар инсульттан болатын өлім көрсеткішін төмендетіп, пациенттерге жылдам әрі сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.