Қазақстандық автомобиль одағының басшысы Анар Мақашева Астанада өткен іс-шарада Қазақстанда 20 жылдан астам бұрын шығарылған көліктердің басым екенін атап өтті. Мұндай көліктер елде 41% немесе 2 млн 400 мыңнан астам бірлікті құрайды. Құрастырылған уақыты 10 жылдан 20 жылға дейін баратын автомобильдер елімізде шамамен 24% немесе 1 млн 435 мың. Ал қазақстандық көлік нарығында ең аз үлесті – елде тіркелген автомобильдердің жалпы көлемінің 7%-ы – шамамен 3 жыл бұрын шығарылған көліктер құрайды, деп хабарлайды QazMonitor тілшісі.
Сонымен қатар, қазақстандық автокөлік өндіруші компаниялардың өкілдері алдағы уақытта елде құрастырылған автомобильдер тек арзандай түсетініне сендірді – бұл құрастырушы бөлшектер өндірісінің өсуіне байланысты. Қазіргі уақытта автокөліктердің бағасы ірі желілік құрастыру үшін қосалқы бөлшектерді тасымалдауға қойылған жоғары тарифтермен негізделіп отыр.
Мәселен, қазақстандық автомобиль компанияларының бірі дыбыс бәсеңдеткіш пен отын түтіктерін өз бетінше өндіруді жоспарлап отыр. Жекелеген құрастыру бөлшектері – радиаторлар, еден жабыны және қаптамалар қазірдің өзінде елімізде өндірілуде.
Іс-шара барысында көлік нарығының қатысушылары автомобильдердің «сұр» импортының қауіпті екенін еске салды. Көбінесе қазақстандықтар ресми дилерлер болып табылмайтын өзгелерден көлік сатып алған кезде ұрланған немесе көрші елдерде лизингте тұрған автомобильдерге тап болып жатады.
Бүгін Астанада «Қазақстан автоиндустриясының даму перспективалары – 2026: трендтер мен болжамдар» атты баспасөз конференциясы өтті.