Ақпараттық кеңістікте жаңа Конституция жобасының 27-бабының 4-тармағында «еңбек демалысы» сөзінің алдында «жыл сайынғы» сөзі жоқ болғандықтан, қызметкерлердің құқықтары шектелуі мүмкін деген пікірлер тараған болатын, деп хабарлайды QazMonitor. Осыған қатысты Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталмыш ақпаратты жоққа шығарып, демалу құқығы сақталатынын мәлімдеді.
Министрліктің түсіндіруінше, жаңа Конституция жобасында «еңбек демалысы» ұғымы жинақтаушы термин ретінде қолданылып, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын, әлеуметтік демалыстарды және заңда көзделген басқа да демалыс түрлерін қамтиды.
Демалыстың ұзақтығы, беру тәртібі және басқа шарттары дәстүрлі түрде Еңбек кодексімен реттеледі. Бұл өзгеріс қызметкерлердің құқықтарын шектемейді, керісінше, барлығын қамтитын құқықтық негізді бекітеді.
Министрлік жаңа Конституция нормаларын бағалау кезінде тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырып, Конституция мен салалық заңнаманың өзара байланысын ескеруге кеңес берді.