Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Иран аумағының үстінде «қышқыл бұлттардың» түзілгені және оның Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан аумағына жақын арада жетуі мүмкін екендігі туралы ақпарат тарап, тұрғындар арасында үрей туғызды. «Қазгидромет»бұл хабарламаларды ресми түрде жоққа шығарып, жағдайдың тұрақты екенін мәлімдеді, деп хабарлайды QazMonitor.
Мамандардың түсіндіруінше, желіде тараған бұл ақпарат ешқандай ғылыми деректермен немесе нақты бақылау нәтижелерімен дәлелденбеген. Негізінен өнеркәсіптік кәсіпорындар, энергетикалық нысандар мен көлік шығарындыларынан бөлінетін күкірт пен азот оксидтерінің әсерінен түзілетін қышқыл жауын-шашындар, әдетте, ластаушы көздерге тікелей жақын аймақтарда ғана байқалады.
Ауа массалары алыс қашықтыққа жылжыған жағдайда, атмосферадағы табиғи процестердің әсерінен зиянды заттардың шоғырлануы едәуір төмендеп, өзінің бастапқы қауіптілігін жояды.
Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан үздіксіз мониторинг деректері бойынша, Қазақстан мен көршілес Орталық Азия елдерінің бағытына қарай ешқандай ластаушы заттардың таралу белгілері тіркелген жоқ.
Осыған байланысты синоптиктер мен экологтар азаматтарды дүрбелеңге берілмей, тек ұлттық метеорологиялық қызметтердің ресми мәліметтеріне сенуге және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырады.