Өнеркәсіпке жасанды интеллект енгізу жөніндегі Жол картасы аясында Тараз қаласындағы «Казфосфат» компаниясының минералды тыңайтқыштар зауытында өндірістегі қауіпсіздікті арттыруға арналған AI Safety Control жүйесі пилоттық режимде іске қосылды, деп хабарлайды QazMonitor.
«Казфосфат» – ТМД мен Еуропада фосфор тыңайтқыштарын өндіретін ірі компаниялардың бірі. Кәсіпорында 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын соңғы 32 жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 1,4 млн тонна фосфорит ұнын өндірді.
Жоба аясында зауытта интеллектуалды бейнебақылау жүйесі енгізілді. AI Safety Control бейнеағындарды нақты уақыт режимінде талдап, техника қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын анықтайды. Атап айтқанда, жүйе жеке қорғаныс құралдарының болмауын, тыйым салынған аймақтарға кіруді немесе қызметкерлердің қауіпті аумақтарда болуын тіркей алады.
Жүйе қолданыстағы бейнебақылау инфрақұрылымымен біріктіріліп, бейнеағындарды автоматты түрде талдау іске қосылды. Пилоттық кезеңде бұзушылықтарды автоматты тіркеу және виртуалды қауіпсіздік шекараларын кесіп өту жағдайларын анықтау сценарийлері жұмыс істеп тұр.
Компания мәліметінше, пилоттық жобаның нәтижелері болашақта жасанды интеллект технологияларын кәсіпорынның басқа өндірістік алаңдарында да енгізуге мүмкіндік береді.