Алматыда 155 кәсіпкер әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген, деп хабарлайды QazMonitor Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік кәсіпорын мәртебесі бизнеске мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға мүмкіндік береді. Олардың қатарында 5 млн теңгеге дейінгі гранттар, жеңілдетілген шартпен үй-жай беру, сондай-ақ даму институттары арқылы жеңілдетілген несиелеу тетіктері бар.
2022 жылдан бері басқармаға тізілімге енгізу бойынша 535 өтінім келіп түскен. Соның 155-і мақұлданған.
Бүгінде әлеуметтік кәсіпорындар білім беру, денсаулық сақтау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, экология және басқа да салаларда жұмыс істеп келеді.
Көрсетілген қолдау нәтижесінде 81 кәсіпкерге жалпы сомасы 369 млн теңге көлемінде грант берілді. Сонымен қатар 26 кәсіпкерге жеңілдетілген жалдау негізінде үй-жай ұсынылды (айына 1 шаршы метр үшін 0,1 АЕК), ал 2 кәсіпкер «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алған.
Әлеуметтік кәсіпкерлік аясында 307 жаңа жұмыс орны құрылды. 2025 жылы бұл сала бойынша қала бюджетіне 385 млн теңге көлемінде салық түсімі түсті.