Алматы қаласында төрт күнге жалғасқан республикалық «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде көші-қон заңнамасын бұзудың мыңнан астам дерегі анықталды, деп хабарлайды QazMonitor.
Нәтижесінде 1 040 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 132 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды.
Анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі шетел азаматтарының елде болу тәртібін сақтамауына қатысты болды. Осы санат бойынша 811 адам жауапқа тартылды. Сонымен қатар 198 қабылдаушы тұлға шетелдіктердің заңды түрде болуын қамтамасыз етпегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзған 31 жұмыс берушіге қатысты шара қолданылды.
Іс-шара барысында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастыру дерегі анықталып, аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұдан бөлек, мемлекетаралық іздеуде жүрген екі шетел азаматы ұсталды.
Алматы қаласы көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаев мұндай шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, заң талаптарын сақтау барлық тарапқа – шетел азаматтарына да, оларды қабылдаушылар мен жұмыс берушілерге де міндет.
Полиция алдағы уақытта да көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.