Қазақстанда көктемгі су тасқыны кезеңі шарықтау шегіне жақындап келеді. Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) елдегі қазіргі ахуал мен қауіп төніп тұрған өңірлерді атады, деп хабарлайды QazMonitor.
ТЖМ мәліметінше, су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шаралардың 92%-ы орындалған. 1 наурыздан бері ведомствоның жедел штабы тәулік бойы жұмыс істеп, жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауда ұстап отыр.
Өңірлерде алдын алу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 234 елді мекен су басудан қорғалды, 736 елді мекен үшін қауіп деңгейі төмендетілді, ал 1 242 қауіпті елді мекеннің 272-сінде қауіп әлі сақталып отыр.
Қазіргі таңда су тасқынының белсенді кезеңі оңтүстік өңірлерде аяқталған. Ал шарықтау шегі Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында байқалуда.
Сонымен қатар Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Абай облыстары бақылауда тұр.
Наурыз айының басынан бері Абай облысында су басудың алты жағдайы тіркелген. Бұл оқиғалар ауа температурасының күрт жылынуы мен жауын-шашынның салдарынан болған. Қазіргі уақытта олардың салдары толық жойылған.
Бұған қоса автожолдарда 22 рет су тасу және бір жолды су шаю фактісі тіркелген. Оның ішінде бес жағдай әлі де бақылауда.
Жағдайды бақылау жерден де, әуеден де жүргізілуде. 13 өңірде 29 әуеден барлау ұйымдастырылып, 196 елді мекен қамтылған.
Алдын алу шаралары аясында 7 млн текше метрден астам қар шығарылды, 126 мың тонна жанар-жағармай қоры дайындалды. Сондай-ақ 374 мың тонна инертті материал әзірленіп, 4,5 млн қап қоры қалыптастырылды және 192 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді.
Ведомство су тасқынына жедел әрекет ету үшін 39 мыңнан астам адам, 12 мыңнан астам техника, 4 мыңнан астам су сору құралы және 700 жүзу құралы дайын екенін еске салды.