1 сәуір мен 15 мамыр аралығында Қазақстанның білім беру ұйымдарында білім сапасын бағалауға арналған PIRLS-2026 және TIMSS-2027 халықаралық зерттеулері өтеді, деп хабарлайды QazMonitor. PIRLS-2026 зерттеуінің алтыншы цикліне 50-ден астам ел қатысуда.
PIRLS – 4-сынып оқушыларының оқу сауаттылығын бағалауға бағытталған халықаралық зерттеу. Қазақстан атынан оған 219 мектептен 8800-ден астам оқушы қатысады. Сонымен қатар сауалнамаға 8800-ге жуық ата-ана, 400-ге жуық мұғалім және 219 білім беру ұйымының басшысы тартылады.
Айта кетейік, Қазақстан бұл зерттеуге 2016 жылдан бері қатысып келеді. Биылғы циклдің басты ерекшелігі – тестілеудің толықтай компьютерлік форматқа көшуі. PIRLS-2026 нәтижелері 2027 жылдың желтоқсанында жарияланып, бастауыш білім беру жүйесіндегі оқу сапасын бағалауға және оны арттыруға бағытталған ұсынымдар әзірлеуге негіз болады.
Сонымен қатар елдің 10 өңірінде TIMSS-2027 халықаралық зерттеуінің апробациясы өтеді. Бұл зерттеу 4 және 8-сынып оқушыларының математика және жаратылыстану пәндері бойынша білім деңгейін бағалауға арналған. Апробацияға 35 мектептен 2500-ден астам оқушы қатысады. Тестілеу компьютерлік форматта жүргізіледі.
TIMSS-2027 зерттеуінің негізгі кезеңі 2027 жылдың сәуір-мамыр айларына жоспарланған. Оның нәтижелері оқу бағдарламаларын жетілдіруге, мұғалімдерге арналған әдістемелік ұсынымдар әзірлеуге және жалпы білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.