Алматы хайуанаттар саябағы үш шөнжікпен толықты. Саябақтағы амур жолбарыстары Бентли мен Яргиден үш бірдей күшік дүниеге келді, деп хабарлайды QazMonitor.
Алғашқы апталарда шөнжіктер енесімен бірге болған. Көктем келгесін вольерге шығып, жаңа ортаға бейімделе бастады. Қазір олар тағамға қызығушылық танытып, күн өткен сайын белсенділігі артып келеді.
Соңғы уақытта хайуанаттар саябағына келушілер саны артқан. Мәселен, Наурыз мерекесі күндері зообаққа шамамен 40 мың адам келіп, бұл рекордтық көрсеткішке айналды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда келушілер саны 23%-дан астамға артқан.
«Мереке күндері зообаққа 40 мыңға жуық қонақ келді. Қала тұрғындары мен қонақтарының табиғатқа деген қызығушылығы артып келе жатқанын байқап отырмыз. Үш амур жолбарысы күшігінің дүниеге келуі — маңызды оқиға әрі мамандарымыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі», деді зообақ директоры Сейілхан Әкілбеков.
Қазіргі таңда зообақта инфрақұрылымды дамыту, жануарларды күтіп-бағуға қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар келушілерге арналған танымдық бағдарламалар да кеңейтіліп келеді.