Алматыда ауа сапасын жақсарту және жүргізушілердің экологиялық жауапкершілігін арттыру мақсатындf «Көлігіңіздің шығарындысын тексеріңіз» атты экологиялық акция өтеді, деп хабарлайды QazMonitor әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Акция аясында қала тұрғындары өз көліктерін экологиялық талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тегін тексере алады. Мамандар көміртек оксидінің (CO) деңгейін және пайдаланылған газдардың түтіндену көрсеткішін өлшейді.
Тексеру мобильді экологиялық зертхана арқылы қысқа мерзімде жүргізіледі. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, тексеру барысында әкімшілік шаралар қолданылмайды.
Іс-шара жүргізушілерді көлік құралдарының техникалық жай-күйі туралы хабардар етуге, сондай-ақ зиянды шығарындыларды уақытылы бақылаудың маңызын түсіндіруге бағытталған.
Аталған акция Алматы қаласының атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын іске асыру аясында өткізіліп, автокөлік шығарындыларын негізгі ластаушы көздердің бірі ретінде азайтуға бағытталған.