Түркістан облысында республикалық маңызы бар «Сарыағаш айналма жолы» автожолының құрылысы ресми түрде басталды, деп хабарлайды QazMonitor.
:аңа жол транзиттік көлікті қала сыртына шығарып, қалалық жолдарға түсетін жүктемені азайтады және Өзбекстан бағытындағы қозғалысты айтарлықтай жеделдетеді. Бұл негізгі көлік бағыттарының қауіпсіздігін, жайлылығын және өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында ұзындығы 102,6 шақырым болатын I-а техникалық санаттағы төрт жолақты заманауи автожол салынады. Жол халықаралық стандарттарға сай жобаланып, қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етеді.
Сарыағаш айналма жолын іске асыру өңір экономикасына оң әсерін тигізеді: жүк және жолаушылар тасымалы жеделдеп, шекара маңындағы сауданың тартымдылығы артады, ал Түркістан облысының халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлі күшейеді.
Сонымен қатар, өңірде жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 678 шақырымды құрайды. Негізгі бағыттарда 5 күрделі және орташа жөндеу жобасы жүзеге асырылып жатыр, олардың жалпы ұзындығы – 99,2 шақырым. Бұл жұмыстарға жолайрықтар мен көпірлерді қайта жаңарту да кіреді.
2026 жылы «Шымкент – Қызылорда» автожолында қозғалысты автоматты бақылау жүйелерін енгізе отырып, жалпы ұзындығы 103 шақырым болатын орташа жөндеудің тағы 5 жобасын іске асыру жоспарланған.
Жобаларды кешенді жүзеге асыру өңірде заманауи әрі қауіпсіз жол желісін қалыптастырып, көлік қызметінің сапасын арттыруға және Қазақстанның Орталық Азиядағы транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.