ҚР Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, орта білім беру ұйымдарында бітіру кештерін өткізу тәртібін нақтылады, деп хабарлайды QazMonitor.
Қабылданған шаралар білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Жаңа талаптарға сәйкес, аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында ұйымдастырылуы тиіс. Сонымен қатар, бітіру кештерін мектептен тыс жерлерде өткізуге жол берілмейді.
Сондай-ақ оқушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен ақша жинауға және өзге де материалдық құндылықтарды талап етуге қатаң тыйым салынады.
Жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығындарды қажет етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Ішкі істер органдары өз кезегінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды күшейтеді.