Астанада қоғамдық орындарда қайыр сұрау және өзге де рұқсат етілмеген жабысып мазалау фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Полиция қызметкерлері мұндай құқық бұзушылықтарды жедел анықтап, тиісті шара қолдануда, деп хабарлайды QazMonitor..
Полиция мәліметінше, қоғамдық орындарда кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын тұлғалардың тауар немесе қызмет сату, айырбастау, сондай-ақ бал ашу, қайыр сұрау және өзге де қызмет көрсету мақсатында азаматтарға жабысып жүгінуі әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады.
Мұндай заңбұзушылықтарды жиі шетел азаматтары жасайтыны да анықталған. Тексеру барысында құқық қорғау органдары олардың жеке басын анықтап, ел аумағында болу заңдылығын тексереді. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады, оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін есепке қою және сот шешімі болса елден шығару да қарастырылады.
Жыл басынан бері қайыр сұрау мақсатында азаматтарға жабысып мазалағаны үшін 17 шетел азаматы ұсталған. Оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, бірқатар дерек бойынша соттар елден шығару туралы шешім қабылдаған.
Мұндай құқық бұзушылықтар көбіне ірі сауда орталықтары, базарлар және қалалық саябақтар маңында тіркеледі.
Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Жыл басынан бері қараусыздық және қайыр сұрау фактілеріне байланысты кәмелетке толмаған шетел азаматтары 80-нен астам рет Балаларды қолдау орталығына жеткізілген.
Кәмелетке толмағандарды қайыр сұрауға тарту жағдайында олардың заңды өкілдері жауапкершілікке тартылады. Биыл осындай құқық бұзушылықтар бойынша шетел азаматтары болып табылатын 10 заңды өкіл ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы бойынша жауапқа тартылған.