Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда су есептегіш құралдарына жаңа талаптар енгізілді
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 16 сәуір, 2026 | 15:27
1 мин. - оқу уақыты

Қазақстанда су есептегіш құралдарына жаңа талаптар енгізілді

Енді есептегіштер деректерді автоматты түрде жіберіп, бірыңғай цифрлық платформаға қосылуы тиіс

Vladimir Srajber/Pexels
Vladimir Srajber/Pexels

Қазақстанда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі есептегіш құралдарға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Бұл өзгерістер бірыңғай техникалық стандарт қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды QazMonitor.

Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – су есебін толық цифрландыру. Соған сәйкес, есептегіш құралдарды телеметриялық жүйелерге көшіру, деректерді автоматты түрде қашықтан жинау және «Smart Turmys» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының Бірыңғай цифрлық платформасын құру көзделген.

Жаңа талаптарға сәйкес, республика аумағында су есептегіш құралдары үшін деректерді сымсыз беру технологиясының базалық стандарттары ретінде NB-IoT және LoRaWAN белгіленді. Бұл технологиялар ұялы байланыс операторларының лицензияланған желілері арқылы жұмыс істейді. Мұндай шешім деректердің қауіпсіздігін арттыруға, инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз етуге және жүйелердің өзара үйлесімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, енді әрбір жаңа есептегіш құрал деректерді автоматты түрде ақпараттық-өлшеу жүйесіне және энергия тұтынуды автоматтандырылған есепке алу жүйесіне жіберуі тиіс. Қауіпсіздік мақсатында криптографиялық қорғау, APN арқылы қолжетімділікті шектеу және байланыс арналарының резервтелуі қарастырылған. Есептегіштер «Smart Turmys» платформасымен екіжақты байланыс орнатуы қажет.

Жаңашылдықтардың бірі – жаңа есептегіш құралдарды автоматты жабу клапанымен жабдықтау. Бұл функция арқылы суды қашықтан басқаруға болады, алайда оны тек уәкілетті қызметкерлер заңнама талаптарына сәйкес пайдалана алады.

Сумен жабдықтаушы ұйымдарға ақпараттық-өлшеу жүйесі есептегіш құралдармен бірге ұсынылады. Водоканалдар жүйеде жиналған деректер базасына қосымша төлемсіз толық қол жеткізіп, оны пайдалану мерзімі бойы дербес қолдана алады.

Бұл ретте азаматтарға қолданыстағы есептегіш құралдарды міндетті түрде ауыстыру талап етілмейді. Олар пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін жұмысын жалғастыра береді. Жаңа талаптар тек жаңа құрал орнату немесе істен шыққанын ауыстыру жағдайларына қатысты. Сонымен қатар, өндірушілер электрондық есептегіштерге кемінде бес жыл кепілдік беруге міндетті.

Айта кетейік, аталған өзгерістер Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 8 тамыздағы №295 бұйрығына енгізілген түзетулер негізінде 2026 жылғы 27 наурызда күшіне енді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.