2026 жылы Ақтөбе облысында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту аясында 540 жұмыссыз азаматты оқыту жоспарланып отыр, деп хабарлайды QazMonitor.
Еңбек мобильділігі орталығы Қазақстан Республикасының жұмыссыз азаматтары мен қандастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқуға шақырады. Бағдарлама жаңа дағдыларды игеруге, жаңа мамандық алуға және біліктілікті арттыруға бағытталған.
Оқыту шаштараз, тігінші, кондитер, аспаз, электрмонтер, электргаздәнекерлеуші, токарь, балабақша тәрбиешісінің көмекшісі, автокөлік жөндеу слесарі және басқа да жұмысшы мамандықтар бойынша жүргізіледі. Оқу білім беру ұйымдарында және жұмыс берушілердің өндірістік алаңдарында ұйымдастырылады. Оқу ұзақтығы 6 айдан аспайды.
Оқу кезеңінде қатысушыларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі: шәкіртақы немесе жалақы төленеді, медициналық тексеруден өту шығындары (2 АЕК көлемінде) өтеледі, жол ақысы қарастырылады. Тұрақты тұрғылықты жерінен тыс жерде білім алатындарға тұрғын үй жалдау шығындары бойынша материалдық көмек беріледі.
Оқуды аяқтағаннан кейін қатысушыларға сертификат табысталып, тұрақты жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі. Әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмысқа орналастыру қарастырылған: білім беру ұйымында оқығандар үшін кемінде 6 ай, жұмыс орнында оқығандар үшін кемінде 12 ай.
Бағдарламаға екі жыл ішінде бір рет қатысуға болады.
Оқуға жолдама алу үшін өтініш, жеке куәлік, білім туралы құжат, еңбек қызметін растайтын құжаттар (бар болса), бұрынғы оқу туралы құжаттар (бар болса), сондай-ақ 075/у нысанындағы медициналық анықтама қажет.
Бағдарламаға қатысу үшін тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына, ал ауыл тұрғындары ауылдық округ әкімдеріне жүгінуі тиіс.
Бағдарлама ұйымдастырушылары азаматтарды тегін білім алып, жаңа мамандық игеріп, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін пайдалануға шақырады.