ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі-де ведомство басшысы Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен кеңес барысында кәмелетке толмаған азаматтардың еңбек жағдайларына арналған ауқымды әлеуметтік зерттеудің нәтижелері қаралды, деп хабарлайды QazMonitor.
Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Лязат Ақтаева баяндағандай, зерттеу Астана, Алматы және Шымкент қалаларын, сондай-ақ Түркістан және Маңғыстау облыстарын қамтыған. Жалпы 97 мыңға жуық респондент қатысқан сауалнамада 50 мыңнан астам жұмыс істейтін жасөспірім, 46 мыңнан астам ата-ана мен заңды өкілдер және жұмыс берушілер қамтылған.
Зерттеу нәтижелері жасөспірімдер еңбегіне қатысты қалыптасқан бірқатар көзқарастарды қайта қарауға негіз болған. Мәліметтерге сәйкес, жұмыс істейтін жасөспірімдердің 67%-дан астамы тұрақты табысы бар отбасыларда тәрбиеленеді. Сонымен қатар, жасөспірімдер алғашқы жұмысты тек табыс көзі емес, тәжірибе жинау мен әлеуметтенудің маңызды кезеңі ретінде бағалайтыны анықталған.
Жасөспірімдер еңбегі оқу процесіне кедергі келтірмей, керісінше қарым-қатынас дағдыларын дамытуға, қаржылық сауаттылықты арттыруға, өзін-өзі ұйымдастыруға және жауапкершілікті күшейтуге ықпал ететіні атап өтілді. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда ерте еңбекке араласу жастар үшін экономикалық дербестік пен алғашқы кәсіби дағдыларды қалыптастырудың саналы қадамына айналып келеді.
Осы бағытта жастардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ұсыныстар енгізілді. Атап айтқанда, мемлекеттік бақылау жүйесіне тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу, сондай-ақ жасөспірімдерді заңсыз немесе ауыр жұмыстарға тарту фактілеріне жедел әрекет ету тетіктерін күшейту мәселесі қаралды. Сонымен бірге еңбек инспекциясының полиция және білім беру жүйесімен өзара іс-қимылын кеңейту ұсынылды.
Кеңесті қорытындылаған Асқарбек Ертаев зерттеу нәтижелерінің ведомство жұмысы үшін маңызын атап өтіп, оларды талдау және қолдану қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ ол кәмелетке толмағандардың заңды еңбегін реттеу және ата-аналарға арналған түсіндіру жұмыстарын қамтитын әдістемелік құралдарға тиісті ұсыныстарды енгізуді тапсырды.