Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі бұдан былай Инжиниринг жоғары колледжі деп аталады, деп хабарлайды QazMonitor.
Атаудың өзгеруімен бірге оқу орнының мәртебесі де жаңарып, білім беру мазмұны кеңейіп, мамандарды даярлаудың сапалы жаңа деңгейіне көшу жүзеге асырылуда. Бұл шешім колледждің даму бағыты мен еңбек нарығындағы қазіргі сұранысқа тікелей байланысты.
«Біз білім беру бағыттарын кеңейтіп, жоғары білікті мамандарды даярлауға көшіп отырмыз. Колледж инженерлік бағытты одан әрі дамытып, құрылыс, сәулет, дизайн және цифрлық технологиялар салалары бойынша кадр даярлауды күшейтеді. Бұл студенттер үшін білім алу мен кәсіби тұрғыда өсуге кең мүмкіндіктер ашады», – деді колледж директоры Әсел Сапарова.
Колледждің бастамаларына Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті қолдау білдіруде.
Оқу орнындағы басты жаңашылдықтардың бірі – қолданбалы бакалавриат бағдарламаларын енгізу. Бұл формат теория мен тәжірибені ұштастырып, кәсіби дағдыларды терең меңгеруге бағытталған.
Алдағы уақытта «Азаматтық ғимараттарды жобалау, реставрациялау және реконструкциялау» мамандығы бойынша жаңа бағдарлама іске қосылмақ. Бұл қазіргі заманғы жобалау, қалпына келтіру және цифрлық модельдеу технологияларын меңгерген мамандарға деген сұраныстың артуымен тікелей байланысты.