Бүгінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басым бағыттары ретінде геология, құрылыс және өнеркәсіп салаларына ЖИ технологияларын енгізу мен интеграциялау айқындалған, деп хабарлайды QazMonitor.
Осы орайда министр Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында ел экономикасының негізгі салаларына жасанды интеллект енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.
Министрдің айтуынша, архивтік деректерді цифрландыру жұмыстары аясында жасанды интеллект көмегімен алғашқы геологиялық ақпараттың 97%-дан астамы, яғни шамамен 250 терабайт дерек сканерленген. Сонымен қатар, цифрландырылған мәліметтер Бірыңғай Big Data жүйесіне жинақталып, оған 1 терабайт дерек жүктелген. Аталмыш деректер негізінде жер қойнауының интерактивті картасы әзірленіп, ол пайдалы қазбалар кен орындарының перспективалы аймақтарын жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Құрылыс саласында ЖИ жобалаудан бастап, сметалық есептеу және құрылыс барысын нақты уақыт режимінде бақылауға дейінгі барлық кезеңдерге енгізілуде.
Ерсайын Нағаспаев «компьютерлік көру» технологиясы мен жасанды интеллектті біріктіретін пилоттық жобаны атап өтті. Ол цифрлық бас жоспарлар мен қала құрылысы жобаларының орындалуын бақылауға бағытталған. Жобаның нәтижесінде сәйкессіздіктерді анықтау уақыты 3 жұмыс күнінен 4 сағатқа дейін қысқарып, заңсыз құрылыс тәуекелі азайған.
Министрдің мәліметінше, алдағы уақытта жобалау және мемлекеттік сараптама кезеңінде BIM-жобаларды тексеруге ЖИ енгізу көзделуде. Бұл өңірлердегі топырақ жағдайы мен сейсмикалық ерекшеліктерді ескере отырып, стандартты жобаларды қарау мерзіміндегі айырмашылықтарды азайтып, бірыңғай әрі ашық талаптарды қамтамасыз етпек. Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, қалалардың цифрлық егіздерін жасау үшін дрон технологияларын қолдану жұмыстары жүргізілуде.
Өнеркәсіп саласында ЖИ қазірдің өзінде өндірістің тиімділігін жоғарылуға және сапаны бақылау үшін қолданылып отыр. ERG, Astana Motors және KAZ Minerals секілді ірі кәсіпорындар өндірістік үдерістерді үлгілеу және оңтайландыру үшін цифрлық сыңарлар мен жасанды интеллект технологияларын енгізіп жатыр. Сонымен қатар, еліміздің 70-тен астам кәсіпорнында өнеркәсіптік интернет заттары (IIoT) технологиялары пайдаланылуда.
Ерсайын Нағаспаев геология, құрылыс және өнеркәсіп салаларының тиімділігі мен ашықтығын арттыру, сондай-ақ инвестициялық тартымдылығын күшейту мақсатында ЖИ енгізу жұмыстары одан әрі жалғаса беретінін айтты.
2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер қойнауының заманауи цифрлық карталарын жасау қажеттігін атап өткен болатын. Сондай-ақ құрылыс сапасын арттыру үшін ЖИ негізіндегі ақпараттық модельдеуді дамыту және құрылыстың барлық кезеңін қамтитын ұлттық цифрлық платформаны іске қосу міндетін жүктеген еді.