Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. «Astana Winner 2026»: Астанада «Қазақы тазы» моно тұқымдық көрмесі өтті
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 04 мамыр, 2026 | 15:59
1 мин. - оқу уақыты

«Astana Winner 2026»: Астанада «Қазақы тазы» моно тұқымдық көрмесі өтті

Шараға 60-тан астам тазы қатысып, халықаралық төрешілер баға берді

ҚРЭкология және табиғи ресурстар министрлігі
ҚРЭкология және табиғи ресурстар министрлігі

2026 жылғы 2 мамырда Астана қаласындағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында барлық ит тұқымдары қатысқан «Astana Winner 2026» халықаралық көрмесі аясында Қазақстан кинологтар Одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақы тазы» ұлттық ит тұқымының моно тұқымды көрмесі жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды QazMonitor.

Моно тұқымды көрме іс-шараның негізгі оқиғаларының біріне айналып, Қазақы тазының Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының бірегей бөлігі әрі отандық кинологияны дамытудың маңызды бағыты екенін айқындады.

Көрмеге Қазақы тазы тұқымының 61 иті тіркелді. Бұл көрсеткіш тұқымға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және оны сақтау мен дамыту бағытындағы селекциялық жұмыстардың белсенді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Іс-шара Қазақстаннан және шет мемлекеттерден келген қатысушыларды біріктіріп, кәсіби кинологиялық қауымдастықты, итбегілер мен әуесқойларды бір алаңға жинады. Жалпы «Astana Winner 2026» халықаралық көрмесіне әртүрлі тұқымдағы 380 ит тіркелген, оның ішінде 41 Қазақы тазы бар.

Төрешілік етуді Халықаралық кинология федерациясының (FCI) президенті Тамаш Яккель (Венгрия), сондай-ақ Швейцария мен Қытайдан келген халықаралық сарапшылар жүзеге асырды. Қазақы тазының моно көрмесінде ұлттық төреші Айбол Алпысбаев төрелік етті.

Моно көрменің қорытындысы бойынша келесі номинациялар жеңімпаздары анықталды:

  •  Үздік беби – Қазақ даласының Шағаны

  •  Үздік күшік – Парыс

  •  Үздік юниор – Челси

  •  Үздік арлан – Дастер

  •  Үздік ұрғашы – Герда

  •  Үздік ардагер – Ушар

  •  Тұқымның үздік өкілі – Герда

Қонақтар үшін қазақстандық қолөнершілердің қатысуымен арнайы аймақ ұйымдастырылып, ағаш, былғары және киізден жасалған бұйымдар, ұлттық әшекейлер мен дәстүрлі киім элементтері ұсынылды. Бұл қазақы тазының тек кинологиялық емес, мәдени құндылығын да айқындай түсті.

Моно тұқымды көрменің өткізілуі отандық кинологияның дамуын көрсетіп, қазақы тазыны халықаралық деңгейде танымал етуге, мәдени мұраны насихаттауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.