Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жеке көмекші қызметін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу жөніндегі жобаны жариялады, деп хабарлайды QazMonitor.
Жаңа бастама мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдау жүйесін неғұрлым икемді, ашық және заманауи форматқа көшіруге бағытталған. Негізгі мақсат — артық бюрократиялық рәсімдерден бас тартып, көмекші мен қызмет алушы арасындағы өзара байланысты толық цифрландыру.
Жобадағы басты жаңашылдықтардың бірі — жеке көмекші қызметін азаматтық-құқықтық қатынас ретінде нақты бекіту. Бұл аталған қызметтің еңбек қатынастары санатына жатпайтынын білдіреді. Соның нәтижесінде жеке көмекшілер мен қызмет алушылар үшін артық қағазбастылық азайып, жұмыс уақытын есептеу табельдерін жүргізу және қатаң кестелерге бейімделу міндеті жойылады.
Жаңартылған тәртіп бойынша қызмет көрсету Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар азаматтың нақты өтінімі негізінде жүзеге асырылады. Бұл жүйе қызметті адамның нақты қажеттілігіне қарай ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Яғни, сүйемелдеу тек медициналық ұйымдарға, мемлекеттік мекемелерге немесе басқа да инфрақұрылым нысандарына бару қажет болған жағдайда ғана ұсынылады.
Сонымен қатар төлем әр орындалған өтінім бойынша жүргізіледі. Бұл көрсетілген қызмет көлеміне сай әділ ақы төлеу тетігін қамтамасыз етеді. Қызметтің орындалуын алушының ақпараттық жүйе арқылы растауы бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына бақылауды күшейтеді.
Еліміз бойынша бірыңғай стандарт қалыптастыру мақсатында министрлік үлгілік шарт нысанын енгізуді ұсынып отыр. Онда тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалады. Бұл жеке көмекшілер мен қызмет алушылардың мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.