Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Алматы облысында жоғары технологиялық кардиологиялық орталық ашылды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 30 маусым, 2026 | 16:24
1 мин. - оқу уақыты

Алматы облысында жоғары технологиялық кардиологиялық орталық ашылды

Қонаевтағы жаңа медициналық мекеме тәулік бойы жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалап, күрделі операциялар жүргізеді

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Қонаев қаласында Алматы облысының тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін заманауи кардиологиялық орталық ашылды, деп хабарлайды QazMonitor

Жаңа медициналық мекеме өңірде жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау мен емдеудің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жоба «Интермед Плюс» ЖШС тарапынан Алматы облысы әкімдігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жүзеге асырылды. Орталықтың ашылу салтанатына Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов қатысты.

Кардиологиялық орталық 50 төсек-орынға есептелген және тәулік бойы жоспарлы әрі шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Мұнда интервенциялық кардиология, аритмология және кардиохирургия бөлімшелері жұмыс істейді. Пациенттер диагностикадан бастап жоғары технологиялық операцияларға дейінгі емнің толық циклінен бір медициналық ұйымда өте алады.

Орталықты жабдықтау үшін 100-ден астам заманауи медициналық құрал сатып алынды. Олардың қатарында ангиографиялық жүйе, электрофизиологиялық зерттеулер мен радиожиілікті абляция жасауға арналған аппараттар, заманауи кардиохирургиялық операциялық бөлме, компьютерлік томограф, сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық жүйелер және зертханалық жабдықтар бар.

Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, жаңа орталықтың ашылуы өңірдегі мамандандырылған медициналық көмекті дамытудағы маңызды қадам.

«Бүгін біз Алматы облысының тұрғындарына жоғары технологиялық кардиологиялық көмекті қолжетімді ететін жаңа орталықты іске қосып отырмыз. Жүрек-қан тамырлары аурулары халық денсаулығына елеулі қауіп төндіретіндіктен, кардиологиялық қызметті дамыту – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген және білікті мамандар жұмыс істейтін бұл орталық мыңдаған адамның өмірін сақтап, өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», – деді Ержан Сүлейменов.

Айта кетейік, жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды. Ғимарат құрылысына бюджет қаражаты жұмсалмаған. Жаңа орталықтың іске қосылуы Алматы облысында кардиологиялық көмектің қолжетімділігін арттырып, Алматы қаласының медициналық ұйымдарына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.