Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Ақмола облысында үздік малшыларды анықтайтын медиажоба іске қосылды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 30 маусым, 2026 | 17:15
1 мин. - оқу уақыты

Ақмола облысында үздік малшыларды анықтайтын медиажоба іске қосылды

Жоба ауыл еңбеккерлерінің еңбегін насихаттап, жеңімпазды халықтың дауыс беруі арқылы анықтайды

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ақмола облысында мерейтойлық X Kazakhstan Jańa Dala / Green Day – 2026 мамандандырылған көрме-демонстрациясы қарсаңында «Ең үздік малшы» республикалық медиажобасы іске қосылды, деп хабарлайды QazMonitor.

Жоба Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асырылып, мал шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің беделін арттыруға және олардың қоғамдағы маңызды рөлін кеңінен насихаттауға бағытталған.

Медиажоба күнделікті қажырлы еңбегі арқылы ауыл шаруашылығының дамуына және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген жандарға арналған. Қойшылар, сиыршылар мен жылқышылар – агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі мамандық иелері. Олар ұлттық мал шаруашылығының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін жалғастырып, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Бүгінде Қазақстандағы ірі қара малдың 45%-дан астамы жеке қосалқы шаруашылықтарда ұсталады. Сондықтан жүздеген мың ауыл тұрғынының әл-ауқаты малшылардың кәсібилігі мен адал еңбегіне тікелей байланысты.

Медиажоба аясында түсірілім тобы Ақмола облысының аудандарын аралап, мал шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтармен сұхбаттар түсіруде. Алғашқы екі күнде, яғни 25-26 маусым аралығында түсірілім тобы Атбасар, Бұланды, Бурабай, Есіл, Жақсы және Зеренді аудандарында болды.

Жоба кейіпкерлері өздерінің еңбек жолы, отбасылық дәстүрлері, шаруашылық жүргізудің ерекшеліктері, ұрпақтар сабақтастығы және қазақ даласындағы ауыл өмірі туралы әңгімелейді. Барлық бейнематериал ашық жарияланып, көрермендер дауыс беру арқылы «Ең үздік малшы» аталымының жеңімпазын анықтай алады.

Жоба жеңімпазы 2026 жылғы 16–17 шілдеде Ақмола облысы Целиноград ауданының Нұресіл ауылындағы «Ақтық» агрофирмасы аумағында өтетін мерейтойлық X Kazakhstan Jańa Dala / Green Day – 2026 көрме-демонстрациясы аясында марапатталады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.