Алматының Наурызбай ауданында сел қаупінің күшеюіне байланысты Ақсай өзенінің арнасы бойында орналасқан үйлердің тұрғындарын алдын ала эвакуациялау басталды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, тұрғындар қауіпсіздік мақсатында Наурызбай ауданындағы мектептер базасында ұйымдастырылған қабылдау пункттеріне уақытша орналастырылып жатыр.
«Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар Наурызбай ауданындағы мектептер базасында ашылған халықты қабылдау пункттеріне уақытша орналастырылып жатыр. ТЖМ жедел штаб құрды, азаматтық қорғау қызметтері жұмыс істеуде. 8 (727) 279-22-32 нөмірі бойынша жедел желі іске қосылды. Қазіргі уақытқа дейін төрт қоңырау түсті. Барлық іс-шаралар жоспарлы режимде жүргізіліп жатыр, жағдай бақылауда. Қазіргі уақытта Наурызбай ауданы аумағындағы гидрологиялық жағдай тұрақты. Алматы қаласы ТЖД, бақылау және хабарлау қызметі, сондай-ақ ТЖМ-нің «Қазселденқорғау» мекемесінің апаттық-механикаландырылған бригадасы мен азаматтық қорғау қызметтері толық дайындық режимінде және гидрологиялық жағдайды тәулік бойы бақылауды жалғастырып жатыр», – делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар министрлігі жағдай толық тұрақтанып, қауіп жойылғаннан кейін тұрғындардың үйлеріне қайта орала алатынын мәлімдеді.
«Қазгидрометтің» болжамына сәйкес, Алматы тауларында нөсер жауын-шашынның күтілуіне байланысты сел жүру қаупі сақталып отыр. Осыған байланысты барлық құтқару қызметтері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілген. Мамандар қауіпті учаскелерді тәулік бойы бақылап, қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге дайын.
Халықты жедел құлақтандыру үшін Наурызбай ауданында жергілікті деңгейде хабарлау жүйесі іске қосылды. Министрлік бұл алдын алу мақсатында қолға алынған шара екенін атап өтті.
«Қауіпсіздігіңіз үшін Іле Алатауы тауларында ауа райы тұрақталғанға дейін жорықтар мен демалыстан уақытша бас тартуды қатаң сұраймыз. Егер қазірдің өзінде таулы аймақта болсаңыз, өзендердің жоғарғы ағысында қатты жаңбыр жауған жағдайда өзен арналары мен қауіпті учаскелерден дереу кетіңіз. Өзен арналарының, сел арналарының және бөгеттердің маңында шатырлы лагерьлер құрмаңыз. Есіңізде болсын: сел ағыны өте жылдам дамиды, сондықтан қауіпсіздіктің басты шарты – қауіпті аймақтан алдын ала кету. Тексерілмеген ақпаратты таратпауды және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуді сұраймыз», – деп ескертті ТЖМ.