Қазақстанда жыл басынан бері интернет-алаяқтық фактілері 7%-ға төмендеді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды QazMonitor.
Ведомствоның мәліметінше, кибералаяқтықты ашу көрсеткіші жақсарып, жәбірленушілерге 4,8 млрд теңге қайтарылған. Сонымен қатар Ұлттық банкпен бірлесіп, алаяқтардың тағы 2,6 млрд теңгені заңсыз иеленуіне жол берілмеген.
ІІМ профилактикалық жұмыстарды да күшейткен. Жетекші интернет-платформалармен бірлесіп, азаматтарға кең таралған алаяқтық схемалары туралы ақпарат беріліп, цифрлық сауаттылықты арттыру шаралары жүргізілуде. Ұялы байланыс операторларымен бірге 150 млн-нан астам алаяқтық қоңырау бұғатталған.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы жұмысты жалғастырып жатыр. Шетелдік серіктестермен бірлесіп бірнеше халықаралық алаяқтық call-орталықтың қызметі тоқтатылып, қазақстандықтардың қаражатын жымқырған ондаған адам ұсталған. Бұдан бөлек, азаматтардың дербес деректерін заңсыз таратқан интернет-ресурстың қызметі әшкереленді.
ІІМ ірі интернет-платформалармен өзара іс-қимылдың арқасында жалған хабарламалар тарататын және интернет арқылы қылмыс жасайтын аккаунттарды жедел анықтау мүмкіндігі артқанын атап өтті.
Министрлік азаматтарды сақ болуға шақырып, бөгде адамдарға SMS-кодтарды, банк карталарының деректерін бермеуді және белгісіз адамдардың өтінішімен қандай да бір бағдарламаларды орнатпауға кеңес берді. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми байланыс нөміріне өздігінен хабарласу және полицияға ақпарат беру ұсынылды.