Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. ҚазҰУ Орталық Азиядағы алғашқы C909 ұшатын госпиталіне серіктес атанды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 07 шілде, 2026 | 16:31
1 мин. - оқу уақыты

ҚазҰУ Орталық Азиядағы алғашқы C909 ұшатын госпиталіне серіктес атанды

Алматыда «Денсаулыққа бастар әуе Жібек жолы» жобасы аясындағы халықаралық медициналық бастама іске қосылды

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Алматы қаласында «Денсаулыққа бастар әуе Жібек жолы» жаһандық бастамасы аясында C909 «Офтальмология және ЛОР-денсаулығы» ұшатын госпиталінің Орталық Азия миссиясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жобаға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Фудань университетінің офтальмология және отоларингология ауруханасы және Қытайдың коммерциялық авиация корпорациясы (COMAC) серіктестік негізінде қатысуда, деп хабарлайды QazMonitor.

Аталған бастама Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет жүзеге асырылып отыр және медицина, ғылым мен жоғары білім салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Ашылу рәсіміне ҚазҰУ басшылығы, Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы өкілдері, Қазақстан мемлекеттік органдарының басшылары, сондай-ақ ғылыми және медициналық қауымдастық мүшелері қатысты.

Іс-шара барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Фудань университетінің офтальмология және отоларингология ауруханасы арасында медициналық білім беру, ғылым және кадр даярлау салаларындағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде келісімге қол қойылды. Сонымен қатар Қытай мен Орталық Азия елдері арасында офтальмология бағыты бойынша көпжақты әріптестік келісімі жасалды.

ҚазҰУ Басқарма мүшесі Бақытжан Омаров жобаның маңызын атап өтті.

«C909 ұшатын госпиталінің миссиясы Қазақстан мен Қытай арасындағы медицина, ғылым және жоғары білім салаларындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беріп, академиялық ұтқырлықты дамытуға, ғылыми зерттеулерді кеңейтуге және инновациялық медициналық технологияларды енгізуге мүмкіндік ашады», – деді ол.

Қонақтарға офтальмологиялық және ЛОР бағытындағы медициналық қызмет көрсетуге арналған әлемдегі алғашқы мамандандырылған әуе медициналық кешені – C909 ұшатын госпиталінің мүмкіндіктері таныстырылды. Кешен заманауи операциялық блокпен, телемедицина жүйелерімен және жасанды интеллект негізіндегі диагностикалық технологиялармен жабдықталған.

Жоба скрининг пен диагностикадан бастап хирургиялық емдеу және оңалтуға дейінгі толық медициналық циклді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Денсаулыққа бастар әуе Жібек жолы» бастамасы ғылым, білім және денсаулық сақтау салаларындағы халықаралық әріптестікті нығайтып, озық медициналық технологияларды енгізуге және Орталық Азия тұрғындары үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.