Қарағанды облысының екі кәсіпорны өнім мен қызмет көрсету сапасы саласындағы жетістіктері үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) халықаралық сыйлығымен марапатталды, деп хабарлайды QazMonitor.
Халықаралық сыйлықтың лауреаты атанған «НПО Дефектоскопия» ЖШС мұнай-газ, тау-кен өндіру, металлургия және энергетика салаларындағы өндірістік нысандарды диагностикалау мен техникалық бақылау қызметтерін көрсетеді.
Ал «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында жұмыс істейтін, шарлы крандар өндіретін «Бёмер Арматура» ЖШС халықаралық сыйлықтың дипломанты атанды.
Айта кетейік, екі кәсіпорын да ұлттық іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, Қазақстан атынан халықаралық байқауға қатысты.
ТМД-ның халықаралық сыйлығы заманауи басқару жүйелерін енгізген, инновациялық технологияларды тиімді қолданатын және жоғары сапа стандарттарына сәйкес өнім шығаратын кәсіпорындарға табысталады.