Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Семейде 1400 орындық алғашқы BINOM мектебінің құрылысы басталды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 23 шілде, 2026 | 14:10
2 мин. - оқу уақыты

Семейде 1400 орындық алғашқы BINOM мектебінің құрылысы басталды

Қарағайлы шағынауданында бой көтеретін заманауи білім ордасында STEM-зертхана, FABLAB және үш спорт залы қарастырылған

Фото: bi.group
Фото: bi.group

Абай облысының Семей қаласындағы Қарағайлы шағынауданында BINOM желісінің алғашқы мектебінің іргетасына капсула салу рәсімі өтті. 1400 оқушыға арналған жаңа білім беру кешені өңірдегі ең ірі мектептердің біріне айналады, деп хабарлайды QazMonitor.

Салтанатты шараға Абай облысы әкімдігінің өкілдері, BINOM мектептер желісінің басшылығы, BI Engineering & Construction компаниясының өкілдері, педагогтер, қала тұрғындары мен болашақ оқушылар қатысты.

Жалпы ауданы 17 мың шаршы метрден асатын мектеп 12 функционалдық блоктан тұреді. Төрт қабатты ғимаратта 56 оқу кабинеті, оның ішінде бастауыш, орта және жоғары сыныптарға арналған кабинеттер, информатика, цифрлық сауаттылық, робототехника және шет тілдері сыныптары, сондай-ақ үш спорт залы орналасады.

Жоба аясында STEM-зертхана, кино және фотозертханасы бар FABLAB, бейнелеу өнері, дизайн және технология, үй мәдениеті мен тағамтану кабинеттері, meeting room, акт залы және оқушылардың шығармашылық әрі тәжірибелік дағдыларын дамытуға арналған өзге де заманауи кеңістіктер қарастырылған.

BINOM мектептер желісінің директоры Шолпан Қадырованың айтуынша, Семейде жаңа мектептің салынуы – желіні кеңейтудегі маңызды кезең.

«Біз үшін Семейде мектеп салу – заманауи білімді көп балаға қолжетімді етудің маңызды қадамы. Сапалы білім беру ортасы өңірдің болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір оқушы өз қабілетін аша алатын, ал педагогтер кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік алатын мектеп қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз», – деді ол.

Мектеп аумағында футбол алаңы, баскетбол және волейболға арналған әмбебап спорт алаңы, алғашқы әскери дайындық алаңы, кедергілер жолағы, жүгіру жолы, ұзындыққа секіру және доп лақтыру секторлары, демалыс аймақтары мен мектепішілік іс-шараларға арналған алаң салынады.

Құрылыс жұмыстарын Қазақстан бойынша білім беру және басқа да әлеуметтік нысандарды салуда тәжірибесі мол BI Engineering & Construction компаниясы жүзеге асырады.

Компанияның «Орталық» дивизионының директоры Әлібек Омаровтың айтуынша, жоба барысында заманауи инженерлік шешімдер мен құрылыс технологиялары қолданылады.

«Заманауи мектеп салу – болашақ ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан балалар мен мұғалімдер үшін қауіпсіз, сенімді әрі жайлы орта қалыптастыруға басымдық береміз», – деді ол.

Құрылыс аяқталғаннан кейін BINOM мектебі 1400 оқушыны қабылдай алады. Жаңа білім ордасы Қарағайлы шағынауданының тұрғындарын сапалы білім беру, спортпен айналысу және балалардың жан-жақты дамуына қажетті заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ететін маңызды әлеуметтік нысан болмақ.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.