Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Астанада жазғы сауықтыру шараларымен қамтылған балалар саны артып келеді
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 23 шілде, 2026 | 14:17
1 мин. - оқу уақыты

Астанада жазғы сауықтыру шараларымен қамтылған балалар саны артып келеді

Елордада лагерьлер мен тақырыптық жобалардың үшінші маусымы жалғасып, балалардың қауіпсіздігі ерекше бақылауда

Фото: Астана қаласының әкімдігі
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды ұйымдастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл елордада 242 мыңнан астам оқушыны жазғы сауықтыру және демалыс шараларымен қамту жоспарланған, деп хабарлайды QazMonitor Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда демалыс науқанының алғашқы екі кезеңі аяқталып, 180 мыңға жуық бала түрлі лагерьлер мен жазғы жобаларға қатысқан. Ал үшінші маусым өз жұмысын жалғастыруда.

Жазғы демалыс кезінде балалардың шығармашылық, спорттық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға басымдық берілген. Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан балаларды демалыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы жазда 11 мыңнан астам бала сауықтыру шараларына қатысып, оның ішінде 2 681 оқушы жергілікті бюджет есебінен қала сыртындағы лагерьлерге жолдама алды.

Балаларды қабылдап жатқан ірі демалыс орындарының бірі – «Барап» балаларды сауықтыру лагері. Жаз бойы мұнда 1 600-ден астам бала демалады. Лагерьде балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырылып, олар спорттық жарыстарға, шығармашылық үйірмелерге, мәдени-танымдық және зияткерлік бағдарламаларға қатысуда.

Сонымен қатар мектеп жанындағы және бейіндік лагерьлер, қосымша білім беру ұйымдарының жанындағы тақырыптық клубтар жұмысын жалғастырып келеді. «Дидарлы жаз – 2026» жобасы аясында оқушылар спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын насихаттаса, «Атамекен» этно-лагерьлерінде ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптейтін танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Балалардың қауіпсіздігі жазғы демалысты ұйымдастырудағы басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Осыған байланысты білім беру ұйымдары полиция, төтенше жағдайлар қызметі, денсаулық сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандарымен бірлесіп профилактикалық жұмыстар жүргізіп, барлық лагерьлерде қауіпсіздік талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жазғы демалысты тиімді ұйымдастыру балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына, жаңа білім мен тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыстар жаз мезгілі аяқталғанға дейін жалғасады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.