Қазақстан студенттік қалалардың тартымдылығы бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын тағы бір мәрте растады. Алматы мен Астана халықаралық QS Best Student Cities 2027 рейтингіндегі көрсеткіштерін жақсартып, еліміздің өңірлік жоғары білім беру орталығы ретіндегі әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетті, деп хабарлайды QazMonitor.
Рейтинг нәтижесіне сәйкес, Алматы бірден 13 сатыға көтеріліп, 78-орынға жайғасты. Бұл – Қазақстан қалалары үшін аталған рейтинг тарихындағы ең жоғары нәтиже әрі Орталық Азия қалалары арасындағы үздік көрсеткіш. Ал Астана сегіз сатыға жоғарылап, 119-орыннан көрінді. Осылайша, Қазақстанның екі қаласы да өңірдегі көшбасшылар қатарынан орын алды.
Халықаралық QS Quacquarelli Symonds талдау агенттігі жариялайтын QS Best Student Cities рейтингі қалаларды алты негізгі көрсеткіш бойынша бағалайды. Олар – университеттердің академиялық беделі, қаланың тартымдылығы, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы, білім алу мен өмір сүрудің қолжетімділігі, студенттік қауымдастықтың халықаралық әртүрлілігі және студенттердің пікірлері.
Зерттеуге халық саны мен QS World University Rankings 2027 рейтингіне енген жоғары оқу орындарының болуы жөніндегі талаптарға сәйкес келетін әлемнің 150 қаласы енгізілді.
Алматының жоғары нәтижесіне қаладағы жоғары білім беру жүйесінің дамуы ықпал етті. Қалада QS World University Rankings 2027 рейтингіне енген тоғыз университет орналасқан. Соның нәтижесінде Алматы «Университеттердің рейтингтердегі нәтижелері» көрсеткіші бойынша әлемде 50-орынға көтеріліп, өзінің университеттік экожүйесінің жоғары әлеуетін дәлелдеді.
Қазақстанның негізгі артықшылықтарының бірі – жоғары білімнің қолжетімділігі. Оқу ақысы мен өмір сүру шығындарының қолжетімділігі көрсеткіші бойынша Астана әлемде 9-орынды, ал Алматы 24-орынды иеленді. Бұл қазақстандық қалаларды шетелдік студенттер үшін білім алуға кететін шығын тұрғысынан ең тартымды бағыттардың біріне айналдырады.
Сонымен қатар студенттік қауымдастықтың халықаралық құрамын бағалайтын «Студенттік контингенттің әртүрлілігі» көрсеткіші бойынша да оң динамика байқалды. Алматы мен Астананың бұл бағыттағы нәтижелерінің жақсаруы қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемнің әртүрлі елдерінен келетін студенттер үшін тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, Алматы мен Астананың QS Best Student Cities 2027 рейтингіндегі позицияларының жақсаруы Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің күшейіп келе жатқанын және елдің жаһандық білім беру кеңістігіндегі рөлінің артып отырғанын айғақтайды.